СҚО-да ішкі істер органдарының соғысқа қатысқан ардагерлеріне арналған мемориал ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 23 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінде Қазақстандық полиция күніне орайластырылған шаралар болып өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.

«Мереке күні ішкі істер департаменті ғимаратының қасында ішкі істер органдарының Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріне арналған мемориалдың ашылуы өтті. Естелік құрылысына соғыстан кейінгі жылдарын Солтүстік Қазақстан облыстық құқық тәртібі органдарының қызметіне арнаған 760 батыр майдангердің есімі жазылған», - делінген хабарламада.

ІІД-нің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері оларды бір минут үнсіздікпен еске алып, әуеге үш рет оқ атты, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты рәсім Қазақстан Конституциясы көшесіндегі алаңда жалғасын тапты. Онда мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 18 жас полицейі ант қабылдады.

Сол күні аймақтың бірқатар қызметкерлері мен ардагерлері СҚО ІІМ және ІІД-нің наградаларымен марапатталды. Шара салтанатты маршпен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар