СҚО-да ішек инфекциясын жұқтырғандардың 60% үйдің асынан уланған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері жіті ішек инфекциясын 149 адам жұқтырса, соның 72 % – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жіті ішек инфекцияларын жұқтыру жағдайларының 90 % астамында сырқаттың үйде дайындалған өнімдерден уланғаны анықталған. Екінші себеп – жеке бас тазалығын сақтамау. Жазда, әдетте, тамақтан улану жиілейді, өйткені осы кезеңде қауіпті бактериялардың тез көбеюіне қолайлы жағдай туады.

Жыл басынан бері жіті ішек инфекцияларын жұқтырудың 149 жағдайы тіркелген, 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 16,5 % төмендеу байқалады. Мәселен былтыр 180 адам дәрігерге қаралған. Топпен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ.

«Негізінен жіті ішек инфекцияларын 14 жасқа дейінгі балалар жұқтырған, бұл – барлық ауырғандардың 72 % немесе 73 жағдай. Соның ішінде 2 жасқа дейін 44 сәби ауырған.

Негізгі себебі – үйде дайындалған өнімдер болды. Бұл – барлық жағдайлардың 62 %. Жеке гигиенаны сақтамаудың үлесі – 30 %, көкөністер мен жемістерді дұрыс жумай жеуден – 2 %, сүт және сүт өнімдерінен – 4 %, ет және ет өнімдерінен улану 2 % құраған. Жіті ішек инфекциялары ошақтарынан 43 ауыз су сынамасы зерттелді, ауытқу тіркелген жоқ», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Салтанат Бекқожина.

Сондай-ақ СҚО-да биыл дизентерияның 2 жағдайы тіркелген.

«Уланудан сақтануға көмектесетін қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн. Ең бастысы, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз, қолыңызды сабынмен жиі және мұқият жуыңыз, әсіресе тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін. Қайнатылған, бөтелкедегі суды тұтыныңыз. Көкөністерді, жеміс-жидектерді тұтынар алдында ағын су астында жуыңыз. Ал кішкентай балалар үшін қайнатылған сумен жуу керек. Тамақ өнімдерін рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алуға болмайды. Тез бұзылатын тағамдардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын сақтау, шикі тағамдар мен дайын тағамды бөлек сақтау керек. Тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият қуырыңыз немесе қайнатып барып қана қолданыңыз», - дейді Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, құрамында суы көп қарбыз, қауын, өрік, шабдалы, шие, құлпынай, яғни маусымдық жидектер мен жемістер жазда тез бүлінеді. Егер сақтау және тасымалдау шарттары сақталмаса, мұндай өнімдердің ластану қаупі жоғары. Жуылған, аршылған және туралған жемістерді сақтау мерзімі тым қысқа – оларды үстелге қойғаннан кейін бірден жеген жөн.


Соңғы жаңалықтар