СҚО-да ірі қалайы кен орны ашылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да қалайы өндіретін үлкен кен орны ашылып, өңір экономикасының дамуына серпін бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың халық алдындағы есептік кездесуінде белгілі болды. Қалайы кен орны Айыртау ауданында орналасқан.

«Көп жылдар бойы Қазақстандағы жалғыз, Орталық Азиядағы ірі қалайы кен орындарының бірі - Сырымбет зерттелді. Биыл мамыр айында ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрамақ. Жоба 2021 жылдан бастап толық күшінде жұмыс істейді, жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жетпек. Біздің өңір үшін бұл үлкен жетістік», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыстағы басты кәсіпорындар - «ПАМЖ» және «Киров зауыты» дамудың жаңа сатысына шығуда. Зауыттарды жаңғыртуға 6,7 млрд теңге бөлінді.

«Елбасы қолдауының арқасында соңғы 10 жылда зауыттарды жаңғырту жұмыстары басталды. Осының арқасында кәсіпорындар елде шығарылмайтын өнімдерді өндіре бастамақ. Тұрмыстық техникаға арналған құрылғы, ақпараттық қауіпсіздік қондырғылары жасалады. Зауыттардың тоқтаусыз жұмыс істеуі алдағы 3 жылда өнім көлемін 40 % өсіруге мүмкіндік бермек», - деді облыс әкімі.

«BioOperations» зауытында крахмал мен кілегей цехы іске қосылды. Желтоқсанда биоэтанол шығаратын цех жұмысын бастайды. Өңірде металл-пластик шығаратын «Радуга» ЖШС ашылды. Ол - қайталама полимер өңдейтін еліміздегі бірегей зауыт.

Облысы әкімінің айтуынша, шетелдік инвесторлардың қатысуымен қоспажем өндіретін және ағаш пен бидай өңдейтін кәсіпорынды салу жоспарда бар. Бұрынғы Калинин атындағы зауыт негізінде заманауи дата-орталық салу көзделген, инвестиция көлемі - 27,5 млрд теңге. Қазір өңірде 7 ірі инвестициялық жоба әзірленуде. Нәтижесінде бұл кәсіпорындар екі жылдың ішінде өңір экономикасына 80 млрд теңге инвестиция әкеліп, 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ.

Соңғы жаңалықтар