СҚО-да интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың жаңа түрін ойлап тапқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавл тұрғынына қаңтар айының басында шағын қаржы ұйымынан ол алмаған несиені жабу туралы хабарлама түседі. Тергеу барысында қалалықтың алаяқтың құрбаны болғандығы анықталды.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жалған парақша ашқан қылмыскер жұрттан көмек сұраған.

«Хабарласқан қала тұрғынына: «карточкаңа ақша лақтырамын. Сен ол ақшаға азық-түлік алып менің ауруханада жатқан қалыңдығыма апарып бересің. Қалған ақшаны өзіңе қалдырасың» деген. Жаман ойы жоқ петропавлдық қылмыскерге жеке куәлігінің және есеп шотының нөмірін берген. Біраз уақыттан кейін карточкаға 40 мың теңге түсіп, бірден телефонға бұған дейін көмек сұраған ер адам хабарласыпты. Ол ауруханаға барудың қажеті жоқтығын айтып, мазалағаны үшін 3 мың теңгені алып қалып, қалғанын қайтаруды сұраған. Карточкаға түскен ақша интернет арқылы оның атына ресімделген несие екендігі ойына да келмепті», - дейді полицейлер.

«Осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін» деген күдікпен тәртіп сақшылары Уәлиханов ауданының 19 жастағы тұрғынын ұстады. «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оның осындай басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

«Тұрғындар өздерінің сенгіштігінен алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Интернет арқылы сөйлескенде қырағылық таныту қажет. Жеке басқа тиесілі мәліметтерді ешкімге беруге болмайды. Олар: жеке бас куәлігінің нөмірі, банк карточкасының пин-коды, CVV/CVC-код, есеп шоттың нөмірі және телефон нөміріне смс-пен келетін растау коды. Интернет арқылы сауда жасағанда алдын-ала төлем жасауға болмайды. Алдымен бейнебайланыс жасап, көз жеткізіңіз», - дейді СҚО ПД криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.

Былтыр өңір полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысты 56 қылмыстық істі ашты.


Соңғы жаңалықтар