СҚО-да интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілі тіркелді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп 530 мың теңгесінен айырылды. Зейнеткерге телефон шалғандар бұл жолы «банктен» емес, «әділет департаментінен» хабарласқан екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 67 жастағы тұрғынын «құрыққа» түсіру үшін бірнеше алаяқ бірлесе әрекет еткен. Олар рольдерді өзара бөлісіп, кейін әйелдің 530 мың теңгеге жуық ақшасын қолды етті.

Зейнеткердің айтуынша, оған өзін Әділет департаментінің заңгерімін деп таныстырған әйел қоңырау шалып, ұялы байланыстың нашарлығына шағымданып, WhatsApp арқылы сөйлесуді ұсынған. Кейін тұтқаның арғы жағындағы «заңгер» зейнеткерден қан қысымына қарсы дәрілерді жаздырып алған-алмағанын сұраған.

Зейнеткерден оң жауап алған соң осы аллергенді препаратты жеткізуімен айналысқан белгілі бір компания әшкереленгенін және дәріні пайдаланғандардың барлығына үлкен өтемақы берілетінін айтқан.

Уақыт өте жәбірленушіге «қаржыгер» мен «қазынашы» хабарласқан. «Өтемақы» алу үшін олар әйелді «сақтандыру», «тексеру» және «транзакция» секілді операциялардың ақысын төлеу керек деп сендірген.

Қала тұрғыны бар жинағаны жетпегендіктен, таныстарынан қарызға ақша алып, қылмыскерлерге 69 800 теңге, 190 мың және 270 мың теңге аударған. Алаяқтар мұнымен тоқтамай, өтемақы сомасы ұлғайғанын айтып, тағы 310 мың теңге сұратқан.

«Танысы қарызға ақша сұрап барған әйелге мұның алаяқтық екенін айтып, полицейлерге жүгінуге көндірген. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Облыс тұрғындарынан егде жастағы туыстарына интернет-алаяқтық жайында ақпарат беруді сұраймыз. Өйткені интернет алаяқтық негізінен зейнет жасындағыларға бағытталған.

Бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіздер. Егер қаржымен байланысты сұрақтар қоя бастаса, алынған ақпаратты дереу бірнеше мәрте тексеріңіздер. Әңгіме барысында аталған ұйымдарға қоңырау шалыңыз және мұндай қызметкерлердің шынымен жұмыс істейтіндігін, акциялар өткізіліп жатқанын тексеріңіз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.


Соңғы жаңалықтар