СҚО-да интернет-алаяқтар жоқ көлікті сатып, жұртты алдап жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында іс жүзінде жоқ көлік сатылатыны туралы хабарландырулар жиілеп кетті. Алаяқтар арзан көлікке қызыққандарға түрлі сылтаумен алдын ала төлем жасатып, кейін байланысты үзіп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет-алаяқтар әлеуметтік желіде ұсталған автокөліктерді сату туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Әдетте ол 1990 жылдары шыққан шетелдік маркалы автокөліктер. Қызығушылық танытқандарға тек WhatsApp арқылы хабарласуды сұрайды.

Ауданда ұялы байланыстың нашарлығын сөз етіп, видеоқоңырауға жауап бермейді. Бұдан бөлек, «көліктің» бағасын одан сайын түсіріп, кішкентай баласының науқас екенін, ақшаға өте мұқтаж екенін айтады. Сенімге кіргеннен кейін, алдын ала төлем алады. Кейін байланысқа шығуды тоқтатады.

«Жәбірленушілер «сатушыны» іздеп, Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласына келіп, уәде етілген көлікті іздеген, бірақ хабарландыруда көрсетілген мекенжайда мүлдем көлігі жоқ адамдар тұратынын анықтаған. Осыдан екі жыл бұрын алаяқтардың бұл тәсілі туралы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін мұндай жағдайлар тоқтаған еді. Енді биылдыққа екі факті тіркеліп отыр.

Егер сатушының адалдығына толық сенімділік болмаса, адамдардан алдын ала төлем жасауға келіспеуін сұраймыз. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап еткен жөн. Алаяқтар әдетте бет-әлпетін жасырып, сөйлесуге келіспейді», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

СҚО полицейлері алаяқтық болуы мүмкін хабарландыруларды анықтау үшін веб-кеңістікке мониторинг жүргізеді. Өткен жылы қылмыскерлер өңір тұрғындарының сеніміне кіріп, танымал хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерде 343 рет адамдарды сан соқтырған. Олар негізінен OLХ.kz сайтында айлаларын іске асырған. Мұндай 183 факті тіркелді.

Ал Instagram қолданушыларын алаяқтар 83 рет алдаған. Веб-ресурстарының халық арасында танымал болып, жұмысының дұрыс болуын қадағалап отыратын әкімшілер ынтымақтастыққа дайын. Өткен жылы kolesa.kz, krysha.kz, OlХ.kz хабарландыру сайттарында, Instagram желісінде 1430 хабарландыру тексерілді, оның 267-сі жалған деп бұғатталды.


Соңғы жаңалықтар