СҚО-да инсульт бұдан былай жасанды интеллект арқылы анықталмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сырқатта инсультті ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік беретін бағдарламаның таныстырылымы өтті. Жасанды интеллект дәрігерлерге көмекші құрал болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Cerebra» автоматтандырылған платформасы - бағдарламашылар, талдаушылар, математиктер мен дәрігерлердің үш жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Өткен жылдың қаңтар айында Алматының екі инсульт орталығында пилоттық жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама елдің 30-дан астам инсульт орталықтарында жұмыс істеп келеді. Енді олардың қатарына СҚО көпбейінді аурухананың инсульт орталығы да қосылмақ.

«Былтырдан бастап біз инсульттық қызметті дамытып жатырмыз, өйткені ол бүгінгі таңда өзекті, сырқаттар көбейген және қайтыс болатындар саны артқан. Инсульт алғандар арасында жастар да көбейіп отыр, салдарынан мүгедек болып жатқандар да баршылық.

Бүгін біз маңызды бағдарлама - жасанды интеллектіні қосып жатырмыз. Мамандарға ми қан айналысының бұзылуы бар науқасқа ота түрін таңдауға, емдеу әдісін дұрыс қолдануға көмектеседі. Бағдарлама инсультті өте ерте кезеңде анықтауға негізделген. Компьютерлік томограф аппаратымен бірге жұмыс істейді. Былайша айтқанда, дәрігерге көмекші құрал.

Бағдарламаның техникалық қосылуы желтоқсан айында болды. Осы аралықта мүмкіндігін, яғни ақпаратты жіберу жылдамдығын, өңдеуін байқадық, әзірге кем-кетігі байқалған жоқ. Бұл бағдарламаға басқа дәрігерлер де қашықтан қосыла алады, осылайша кеңесіп шешім қабылдауға мүмкіндік бар», - дейді СҚО көпбейінді аурухананың ангиография меңгерушісі Сергей Руцкий.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын инсульттан 40 мыңға жуық адам қайтыс болады, аман қалғандардың 80 %-ы мүгедек болып қалады. Сондықтан дерттің бұл түрін ерте бастан анықтаудың маңызы зор.

«Инсульт алған сырқат емдеу мекемесіне түскеннен кейін ол компьютерлік томографияға жіберіледі. КТ-дан өту барысында бұл бағдарлама автоматты түрде қосылады. Оған невропатолог, жедел жәрдем дәрігері өз мәліметтерін енгізеді. Сырқаттың шағымы да ескеріліп, нәтижесінде бағдарлама 3-5 минуттың ішінде толық талдау жасап шығарады. Бұрын талдауды дәрігер жасайтын.

Бұл – қосымша, оны телефонға, планшетке, компьютерге жүктеуге болады. Мысалы сырқат түскен кезде дәрігерге хабарлама келеді, ол кімнің түскені жайында толық ақпарат алады. Сондай-ақ КТ-ның талдауы қолжетімді болады. Неге назар аудару керектігін де анықтап береді. Ми қан айналымында қандай өзгерістердің барлығын және қай жерде ишемия болатындығын көрсетеді.

Бұл өте ыңғайлы, мәселен, мені үйден шақыртты, мен жолда келе жатып, осы бағдарлама арқылы сырқаттың жағдайына қанығам. Ал инсультта уақыттың үлкен роль атқаратынын білесіздер», - дейді Сергей Руцкий.

Айта кетейік, қазақстандық cerebra бағдарламасы әлемнің үздік 10 Medtech стартапының қатарына енді. Сондай-ақ «Ey Entrepreneur 2021» нұсқасы бойынша «инновациялық стартап» номинациясын алды.


Соңғы жаңалықтар