СҚО-да инфекциялық стационар неліктен бір күнде жабылғаны түсіндірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы инфекциялық стационар бір күнде жабылып, ондағы сырқаттар Петропавлға көшірілді.

Неліктен мұндай шешім қабылданғаны жайында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қызылжар ауданында инфекциялық стационардың жабылғандығы жөніндегі ақпарат әлеуметтік желіде көпшіліктің наразылығын тудырды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына осы шешімге қатысты түсінік беруге тура келді.

«Ауырғандар күрт көбейген жағдайда қосымша инфекциялық стационар бір күнде құрылады. Сондай тәртіпте жабылады да. Өз тәртібі бар. Сондықтан ешқандай дүрлікпе болған жоқ, штаттық режимде атқарылды», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Аудандық ауруханадағы инфекциялық бөлімшені жабуға коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының азаюы себеп болған.

«Облыста ауырғандар саны тәулігіне орташа есеппен 110-нан 60-қа дейін төмендеді. Жағдай тұрақталды. Инфекциялық стационарға тәулігіне орта есеппен бұрын 60-65 адам түссе, бұл көрсеткіш екі есе азайды. Қажеттілік болмағаннан кейін және қалалық инфекциялық стационарларға жақын орналасқандықтан Қызылжар аудандық орталық ауруханасындағы инфекциялық бөлімше жабылды», - деді Құмар Күсемісов.

Қызылжар ауданындағы инфекциялық бөлімше екінші деңгейдегі стационарларға жатады. Ол жерде КВИ-дің жеңіл және орташа түрімен ауырғандар ем алады. Облыстық стационарлар бірінші деңгейге жатады, ол жерде қатты ауырған науқастарға көмек көрсетіледі.

«Облыс бойынша 6 инфекциялық стационар бар. Оның төртеуі облыс орталығында, қалған екеуі Тайынша және Ғ.Мүсірепов аудандарында. Олар Петропавлдан алыс орналасқандықтан бірнеше ауданға қызмет көрсетеді. Оларды жаппаймыз», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Құмар Күсемісовтың айтуынша, Қызылжар аудандық ауруханасындағы инфекциялық стационардан инфекциялық ауруханаға көшірілген бір сырқат қайтыс болды.

«Сырқат 1945 жылы туған. Аудандық инфекциялық стационардан көшірілгеннен кейін бір тәуліктен кейін көз жұмды. Қызылжар инфекциялық стационары екінші деңгейлі, сол себепті науқастардың жағдайы ауырлағанда олар облыс орталығына, жақсы жарақтандырылған бірінші деңгейлі инфекциялық стационарларға көшіріледі. Сол себепті бұл сырқатты қалай болғанда да облыс орталығына ауыстырар еді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.


Соңғы жаңалықтар