СҚО-да «inDriver» жүргізушісі есірткі қолданып, жолаушы тасымалдаған
2020 жылғы 18 маусым 07:24

СҚО-да «inDriver» жүргізушісі есірткі қолданып, жолаушы тасымалдаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «inDriver» мобильдік қосымшасы арқылы жолаушы тасыған жүргізуші рульге есірткі шегіп отырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткіге еліткен көлік жүргізушісі «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қолға түсті. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласынан шығып келе жатқан автокөлікті тексерген. «BMW» рулінде Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское елдімекенінің 43 жастағы тұрғыны болған. Көлік салонында жүргізушіден бөлек, 3 жолаушы болған.

Көлікті қарау кезінде шынтаққойғыштың ішінен 2 полиэтилен пакетке салынған өсімдік тектес зат алынды. Есірткі іздеуге машықтанған Буч атты спаниель ит оны бірден тапты. Сараптама алынған заттың жалпы салмағы 220 грамм есірткі екенін көрсетті. Көлік жүргізушісі бұған дейін де бірнеше мәрте істі болған екен.

Бұдан бөлек, жүргізушіні тексерістен өткізу барысында оның есірткіге еліткені анықталды. Ол «inDriver» қосымшасы арқылы екі жолаушыны алмастан бұрын марихуана шеккенін растады. Сөзіне қарағанда, есірткіні 2 жыл бойы қолданып келеді.

СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзидидің сөзінше, жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсталған адам Петропавл қаласының сотымен 15 тәулікке қамаққа алынып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Бұған дейін солтүстікқазақстандық сақшылар көлікті есірткілік мас күйде жүргізудің үш дерегін анықтаған еді.


Jańalyqtar

MURAǴAT