СҚО-да індетке шалдыққандардың 26 пайызы - зейнеткерлер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде карантиндік шараларды күшейту тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Татьяна Горлованың айтуынша, өңірде КВИ жұқтырудың 4570 жағдайы тіркелген. Оның 2868-інде сырқаттарда ауру белгілері болған.

Жалпы, 3028 адам немесе 66%-і медициналық көмекке жүгіну нәтижесінде өздерінің КВИ-ді жұқтырғандарын анықтаған. Ауырғандардың 21 пайызында қауіпті инфекция профилактикалық тексеріс барысында табылды. Ал коронавирус анықталғандардың 13 пайызы сырқаттармен байланыста болған.

«Өткен 6 күннің ішінде 170 адамда коронавирус анықталды. Яғни оның алдындағы аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 2,7 есе артқан. Тек өткен тәулікте ғана 33 жағдай тіркелсе, соның 9-ында ауру белгілері болмаған. Ресейден келгендердің ішінде 4 адамда анықталды», - дейді Татьяна Горлова.

Ауырғандардың 26 пайызы 60 жастан асқандар. Бұған той-томалақтың тыйылмауы себеп.

«Туған күндер, құдалықтар, басқа да жиындар бүгінде жасырын өткізілетін болған. Шектеу шаралары шаршатты, түсінеміз, бірақ бұл кезеңнен өту үшін карантин талаптарын қатаң орындау керектігін ұғынуымыз керек. Аса қажеттілік болмаса көшеге шығуға болмайтындығын ескерткенімізбен КВИ табылған 1211 адамның жасы 60-тан асқан. Екінші орында 50-59 жастағылар тұр. Ауырғандардың 20 пайызы, яғни 896 жағдай осы жастағыларға тиесілі», - дейді департамент басшысының міндетін атқарушы.

COVID-19 жұқтырғандардың үштен бір бөлігі – жұмыс істейтін тұрғындар. Екінші орында 23 пайызбен зейнеткерлер тұр.

Соңғы жаңалықтар