СҚО-да имамдар аттестациядан өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының имамдарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы құрылған комиссиясы аттестациядан өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері Қызылжар орталық мешітінде облыстың 100-ге жуық имамынан сынақ алды. Мақсат – дін қызметкерлерінің білімін арттыру. Бес жылда бір рет өтетін аттестацияны өткізуге Петропавлға бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Мекежанов келді.

«Дін қызметкерлерін қазіргі атқарып отырған қызметіне лайықтылығын, білім деңгейінің көрсеткішін анықтамақпыз. Кемшін тұстары болса оны жоюға көмектесеміз, білімдерін жетілдіру үшін арнайы оқу орындарына жібереміз. Аттестациядан сүрінбей өткен тәжірибелі имамдарды ынталандырып, жоғарылату мақсатында басқа лауазымдарға ауыстырамыз», - дейді Балтабай Мекежанов.

Имамдардың заң бойынша, ислам тарихы, фиқһ, ақида, ҚМДБ-ның басты 4 құжаты бойынша білімдері сараланды. Биылғы ерекшелігі – дін қызметкерлері компьютер арқылы да аттестациядан өтті.

«Заман дамып келе жатыр, сондықтан да тек діни біліммен шектеліп қана қоймай, зайырлы білімді де алуға ынталандырамыз. Оған жөн сілтейміз. Имамдарымыз жан-жақты болуы тиіс. Биылғы аттестацияның ерекшелігі имамдарымыз тест тапсырды. 60 сұраққа жауап берді», - деді бас мүфтидің кеңесшісі.

СҚО-да қазіргі уақытта 70-ке жуық мешіт бар болса, онда 100-ден астам имам еңбек етіп жатыр. Аттестацияның қорытындысы бойынша олардың жетеуі білімдерін дәлелдей алмады.

Соңғы жаңалықтар