СҚО-да идеология тұрғысында атауы ескірген 33 ауыл, 270-ке жуық көше бар

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 13 ауылдық округ, 33 ауыл мен 270-ке жуық көше атауын өзгерту қажет. Олар идеологиялық жағынан ескіріп, тоталитарлық сипатқа ие, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында өңірде ономастика бағытында бірталай жұмыстың атқарылғанын айтты.

«Ұмыт бола бастаған елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, атауы бұрмаланған ауылдардың транскрипциясын дұрыстау және көшелер, білім, мәдениет, спорт ордаларына лайықты тұлғалардың есімдерін беру – ономастика жұмысындағы негізгі бағыттар. Былтыр өңірде 2 ауылдық округ, 3 ауыл қайта аталды. Сонымен қатар 400-ге жуық көшені қайта атау бойынша жұмыс жүргізілді.

Биыл сәуір айында Петропавлдағы № 25 жалпы білім беретін орта мектепке Әлихан Бөкейханның, № 2 орта мектепке Смағұл Сәдуақасұлының, № 9 орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Қажымұқанның есімі берілді», - дейді Сәкен Шәкеев.

Сондай-ақ биыл Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шаймерденовтің, Шал ақын ауданының қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Қызылжар ауданы Новоникольское орта мектебіне Геннадий Зенченконың есімдерін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шықты.

Қазіргі уақытта Жоғары медицина колледжіне Жұмағали Тілеулиннің, облыс орталығындағы № 32 орта мектепке Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы ұсыныстар республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

«Бүгінгі күні СҚО-да идеологиялық тұрғыда ескірген, тоталитарлық сипаттағы атауларға 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 270-ке жуық көше ие.

Осыған орай жұмыс тобы құрылып, әлеуметтік тапсырыс аясында ономастика бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар облыстың барлық аудандарына шығып, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Құрамына сөзі өтімді, танымал азаматтар кірді», - дейді Сәкен Шәкеев.

«Қазақ тілі» қоғамының мүшелері де облыс аумағындағы 25 ауылды аралап, ономастика мәселесіне қатысты кездесулер өткізді. Қоғам филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, Қызылжар ауданындағы Чапаев, Есіл ауданындағы Советское, Тайынша ауданындағы Келлеровка, Ильичевка ауылдарының тұрғындары елді-мекендерінің атауларын қазақшалауға келісті.

«Одан ары қарай ауылдық округтің әкімі жұмыс жүргізуі керек еді. Жиналыс өткізу қаженттігін айтып ұсыныс хат та жаздық. Алайда әлі жиналыс өткізілмеген. Ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әкімдіктегілер бір-біріне сілтейді», - дейді Жанат Мұхамеджанов.


Соңғы жаңалықтар