СҚО-да халықаралық өрт-тактикалық оқу жаттығулары өтті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дала және орман өртінің алдын алу мақсатында оқу жаттығулары өтті. Оған өңірдің және көрші Ресейдің екі облысының өрт сөндірушілері қатысып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қызылжар ауданы Вагулино елді мекені маңында болған өрт-тактикалық оқу жаттығуларына жүзге жуық адам және 25 техника жұмылдырылды. Сценарий бойынша екі ел өрт сөндірушілері дала және орман өртін сөндірді.

«Ресеймен орманды дала шекарасының жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Арамыздағы өзара қарым-қатынас шекара маңы ынтымақтастығы форумы аясында екі мемлекет басшылары қол қойған құжаттың негізінде жүзеге асырылады», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.

Шекаралас аумақтарда өрт жиі шықпағанымен, аса қауіпті. Орманды далаға өрт тисе, дес бермей кетуі мүмкін. Мұндайда екі жақ күш біріктіру арқылы тілсіз жаумен күресе алады. Бүгінгі оқу жаттығуларының мақсаты – құтқарушылардың деңгейін бағамдап, тәжірибе алмасу.

«Бүгінде екі елде дала және орман өртінің пайда болу қаупі жоғары. Сол себепті мұндай оқу-жаттығу мамандарымызға өзара тәжірибе алмасып, жалынмен күресу кезінде қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдермен бөлісу мүмкіндігін береді. Көрші болғандықтан қарым-қатынасымыз жақсы, сондықтан кез-келген уақытта бір-бірімізге көмек қолын созуға дайынбыз», - дейді Түмен облысы бойынша РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің бас басқарма басшысы Артур Хачатрян.

СҚО-да жыл басынан бері 24 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60 %-ға көп. Дала өрті де жиілеген. Былтыр 34 оқиға тіркелсе, биыл мамандар 45 рет шақыртуға барған.


Соңғы жаңалықтар