СҚО-да есірткіні жарнамалап, интернет-дүкен арқылы сатты деген күдікпен екі жігіт ұсталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткіні сатуды кәсіп етті деген күдікпен 20 және 22 жастағы екі жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда полицейлер жедел іс-шара кезінде 20 жастағы облыс орталығының тұрғынын және облыс маңындағы аудандардың бірінде тұратын 22 жастағы жігітті ұстап, қамауға алды. Олар синтетикалық есірткіні сатты және жарнамалады деген күдікке ілініп отыр. Қылмыстар Telegram мессенджеріндегі «интернет дүкен» арқылы жасалған.

Жеке тінту кезінде, сондай-ақ жігіттер жалдап тұрған жалдамалы пәтерді тексеру барысында есірткіге ұқсас зат салынған полимер түйіншіктер алынды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, бұл «спайс» атауымен белгілі психобелсенді заттың концентраты екені анықталды. Жалпы мөлшері 250-ден астам бір реттік доза жасауға жетеді. Сондай-ақ буып-түйетін материал – 500 зиплок пакеті тәркіленді.

Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі және 299-1-бабы 2-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Енді ғана ересек өмірге араласқан жастардың есірткі бизнесіне қызығуы аса өзекті мәселе. Биыл түрлі есірткі қылмысы үшін 25 жасқа дейінгі 27 адам ұсталды. Синтетикалық есірткілерді саудалағаны үшін 7 жігіт сотталды. Басқарма жастардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді. Мамандар білім мекемелерінің оқушыларымен кездескен кезде есірткі заттарын таратқаны ғана емес, насихаттағаны үшін де көзделген жауапкершілік туралы ескертеді», - дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Жыл басынан СҚО-да заңсыз айналымнан 383 кг есірткі тәркіленді, оның 2 кг астамы синтетикалық есірткі.


Соңғы жаңалықтар