СҚО-да ерекше жастар театры ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құлағының мүкісі бар дарынды жастардың басын қосқан ерекше театр ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерекше театр «Джунгли кітабы» повесінің желісі бойынша «Біздің қанымыз бір» атты алғашқы қойылымын сахналады. Жастар оған үш ай бойы тынымсыз дайындалған. Олармен мамандар жұмыс істеп, актерлік шеберліктен, хореографиядан және ишарат тілінен білімдерін шыңдады. Бұл жастар сахнаға алғаш шығып отырған жоқ. СҚО-дағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының түлектері бұған дейін «Сенсетив» би ансамблінің құрамында елімізде, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті. Олар түрлі республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.

«Өте дарынды балалар, олар жайында халық білуі керек, өнерлерін тамашалауы қажет. Көбіне жастар түзету мектебін аяқтағаннан кейін шығармашылықтан қол үзеді. Бұл үлкен мәселе. Жастардың өнерін дамытуымыз қажет, ол балалардан бұрын, ең алдымен біздің қоғамымыз үшін қажет. Жалпы осы бірегей жобаны жүзеге асыруды үш жыл бойы жоспарладық», - дейді ерекше театрды ашуға мұрындық болған Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.

Қазіргі таңда труппада мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам актер бар. Солардың бірі - Евгений Кузьмин. Евгений бірнеше жылдан бері «Сенсетив» ансамблінің әншісі. Бимен айналысып жүргеніне де 11 жыл болыпты.

«Біздің балаларымыз үшін жаңа кезең басталып жатыр. Олар көптен бері осы театр жөнінде армандап еді. Енді өздерін жаңа қырдан көрсетулеріне мүмкіндік бар. Көрермендерін таң қалдырып, жүректерін жаулап алуға тырысады. Баламның құлағы естімейді. Қиын кездер болды, барлығын тастағысы келді. Алайда қазір шығармашылықсыз өз өмірін елестете алмайды, ұжымдары үлкен отбасындай тату-тәтті», - дейді Евгенийдің анасы Ирина Кузьмина.

Ерекше театр ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алдағы екі ай бойы ел бойынша гастрольге шығуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар