СҚО-да ер адам бес жыл алимент төлемей, қарызы 5 млн теңгеге жеткен

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында баласына бес жыл бойы алимент төлемеген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оның осы аралықтағы қарызы 5 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жеке сот орындаушылар аймақтық палатасының мәліметінше, борышкерге атқарушылық өндіріс 2018 жылы қозғалған. Ол кәмелет жасына толмаған ұлына барлық табысының ¼ шамасында алимент төлеуі тиіс. Алайда борышкер баласының алдындағы міндетінен құтылуға асығар емес.

«Борышкерге іздеу де жарияладық, барлық мәжбүрлеу шараларын да қолдандық. Қазіргі уақытта ол Петропавл қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде есепке алынды. Егер де біз ұсынған жұмыстан екі рет бас тартатын болса, оны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз», - дейді СҚО Жеке сот орындаушылар аймақтық палатасының жетекшісі Асан Маткәрімов.

Қазіргі уақытта Жеке сот орындаушылар аймақтық палатасының қарауында 7 126 атқарушылық өндіріс бар, олардың 151-і – қасақана алимент төлемеушілер.

«Алимент бойынша берешегі бар 40 адамға іздеу жарияладық. Былтыр жалпы қарыз 261,2 млн теңге болса, биыл 175,4 млн теңге.

Қарызды қайтаруға қатысты жұмыстар атқарылып жатыр. Егер алимент кемінде үш айдан артық төленбесе, борышкердің мал-мүлкіне, барлық есепшотына тыйым салынады. Ол нотариалдық іс-әрекет ете алмайды, сондай-ақ борышкер лицензия, рұқсаттар, тіпті жүргізуші куәлігін де ала алмайды және бұрын алынған болса уақытша тоқтатылады. Елден шығуға шектеу қойылады», - дейді Асан Маткәрімов.

Бұған дейін алимент төлеуден қашып жүрген 31 адамның қамауға алынғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар