СҚО-да «Еңбек» бағдарламасы аясында 14 мың адам жұмысқа тұрды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылуы әкімдік отырысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – өзін-өзі қамтып отырғандардың санын азайтып, тұрақты жұмысқа орналастыру. Тұрғындарды бизнес негіздермен таныстырып, жаңа кәсіп ашуына көмектесу.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Еңбек» бағдарламасына өңірден биыл 17,5 мың адам қатысқан. 14 адам жұмыспен қамтылды, оның 9 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Кәсіпкерлікке 2 мыңнан аса адам оқып жатыр. Өңірде жеке кәсіпкерлердің де үлесі артты, биыл олардың саны 3200 адамға көбейді.

«Өз-өзін қамтамасыз еткендерді азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнесті дамыту – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Биыл жеке кәсіпкерлер көбейді. Олар несие алып, кәсіптерін ашты. Осы жұмысты жалғастыру керек», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Бағдарлама аясында кәсіп ашам дейтіндерге жеңіл шартпен несие беріледі. 500 мыңнан 6 млн дейінгі теңгені небары 6% 7 жылға дейін алуға болады. Алайда бұл мүмкіндікті шалғай ауылдарда қолданып жатқандар аз.

«Тұрғындар арасында «мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін бума-бума анықтама мен құшақ-құшақ құжат жинау қажет» деген пікір қалыптасты. Чол себепті түсіндіру жұмыстарын мейлінше жандандыру қажет. Әрі бағдарламаға қатысу үшін өтінішті электронды беру мүмкіндігін қарастыру керек», - дейді өңір басшысы.

СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, облыста қазір 31 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% артық. Шағын және орта бизнесте биыл жұмыс орындарының саны 105,3 мыңға жетті. Негізінен фермерлік шаруашылықтардың есебінен өскен.

Соңғы жаңалықтар