СҚО-да емхана ғимараттарының 75 пайызы тозған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келіп, өңірдегі медицина саласындағы бірқатар мәселемен танысты. Өңірде алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсететін 530 мекеме болса, соның шамамен 75 %-ының орналасқан ғимараты тозған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің 530 нысаны бар. Бұл елдегі медициналық көмектің бастапқы деңгейіндегі барлық ұйымдардың 10 %-ға жуығы. Оның ішінде 4 емхана Петропавлда орналасқан. Ал бұл ұйымдар орналасқан ғимараттардың 74,8 %-ы бүгінде тозған.

Өңірге іс-сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жергілікті атқарушы органдардың назарын осы мәселеге аударды. Оның пікірінше, әсіресе ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажет.

СҚО-да осыдан бірер жыл бұрын кадр жетіспеушілігі мәселесі өткір тұрса, бүгінде ол біртіндеп шешіліп жатыр. Десек те өңірге әлі де 200-ге жуық дәрігер қажет.

«Жергілікті бюджет есебінен студенттер мен медицина қызметкерлерін оқытуға қаражат бөлуді, тұрғын үй беруді және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын, сараланған еңбекақы төлеуді қолданып, жас кадрларды ауылда орнықтыру үшін мотивация жасау қажет»,- деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, министр ауыл тұрғындары үшін чекап түрінде кәсіби тексерулер тізбесін кеңейту, өткізілетін скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауылдық медицина қызметтеріне бірқатар тарифтерді арттыру бойынша жоспарлар туралы айтты. А.Ғинияттың айтуынша, бұл шаралар, сақтандырылмаған халықты қоса алғанда, ауыл тұрғындарын кәсіби тексерулермен қамтуды ұлғайтуға, нәтижесінде созылмалы аурулардың және асқынған жағдайлардың өсуін азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы өңірді аралау барысында Ажар Ғиният медицина қызметкерлерімен, облыс халқымен жекелеген кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдамақ, сондай-ақ брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.


Соңғы жаңалықтар