СҚО-да еліміздегі жалғыз қалайы кен орны игеріле бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Орталық Азиядағы ең ірі, еліміздегі жалғыз қалайы кен орны «Tin One Mining» игеріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айыртау ауданында орналасқан қалайы кен орны көп жылдар бойы зерттелді. Ал мамыр айында қазба жұмыстары басталды. Кен орнына барған СҚО әкімі Құмар Ақсақалов аталмыш жобаның облыс үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бұл біздің облысқа келген алғашқы ірі жер қойнауын пайдаланушы. Аталған жобаның жүзеге асуын көп күттік. Облыс экономикасына рекордтық инвестициялар құйылады, шамамен 100 млрд теңге. Келесі жылы тау-кен байыту комбинаты іске қосылады. Қалайы кен орнында 600 адам еңбектенеді», - деді Құмар Ақсақалов.

Жер қойнауын пайдаланушылар үшін өңірде бар жағдай жасалған. Бұл жайында «Tin One Mining» АҚ вице-президенті Дмитрий Хван айтып өтті.

«Мемлекет тарапынан бізге жан-жақты көмек көрсетілуде. Электр желілері қойылып, 50 мегаваттық стансы салынды. Бізге бұл елеулі көмек, өйткені шығындарымызды қысқартады. Осылайша, мемлекет біз сияқты жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандырып отыр», - деді Дмитрий Хван.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда табылған қалайының 65 пайызы СҚО-да орналасқан. Сырымбеттегі қалайының қоры 153 мың тонна. Жылына кәсіпорын 10 мың тонна қалайы өндірмек. Барлығы 500 млрд теңгенің өнімі шығарылмақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Қазақстанға әлемдегі қалайы өндірісі бойынша үздік ондыққа енуге мүмкіндік бермек. Қазір Лондон биржасында қалайының бір тоннасы 21 тыс $ бағаланып отыр.

null

Соңғы жаңалықтар