СҚО-да елік атқан күдіктілер ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында учаскелік полиция инспекторы мен қорықшы сібір елігін атты деген күдікпен үш адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторына қорықшы келіп, Знаменский елді мекенінің маңында адамдардың, иттің және көліктің іздерін көргенін айтқан. Тәртіп сақшысы мен табиғи парк инспекторы ізбен жүріп отырып, орманнан аңды сойған орынды табады. Көп ұзамай із оларды ағаш дайындап жатқандардың вагон-жатағына әкеледі. Вагоншадан екі қару-жарақ, оқ-дәрі және сібір елігінің еті мен терісі, басы табылды. Еттің бір бөлігі отта тұрған қазаннан табылды.

Ұсталған үшеудің біреуі Булаев қаласының 41 жастағы тұрғыны, бұрын сотталған. Сөзіне қарағанда, рұқсат құжаты болмаса да тракторына мініп аң аулауға шыққан. Өзімен бірге оның екі мылтығы болған. Ал 43 және 32 жастағы екі танысы аңшының өтініші бойынша еліктерді үркіткен.

Заңсыз аңшылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ күдіктілердің біріне қаруды заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік іс басталды. Қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.

«Полицейлер мен мүдделі ведомстволардың тығыз қарым-қатынасынсыз табиғатты қорғау жұмыстарын тиісті деңгейде атқару мүмкін емес. Табиғатты қорғау полициясының барлық рейдтік іс-шаралары табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторларымен, аңшылық және орман шаруашылықтарының қорықшыларымен бірге жүргізіледі», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы Сергей Липко.

СҚО-да жыл басынан заңсың аң аулаудың 14 дерегі тіркелді. Аң аулау тәртібін бұзған 554 адам, балық аулау тәртібін сақтамаған 248 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар