СҚО-да электр қуатына қарызы барларды пәтерінен айырмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында электр қуатының ақысын төлемей жүргендердің мүлкі саудаға шығарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстікқазэнерго» АҚ баспасөз қызметінің өкілдері жүздеген мың теңге қарызы барларға осы шараны қолдануға мәжбүр болып отырғанын айтады.

«Баспанасы саудаға шығарылып жатқандардың қарызы қомақты - жүздеген мың теңге қарызы бар. Қызметтің ақысын дер кезінде төлеп отырғандарға айтар уәжіміз жоқ. Қарызын төлеуден барынша жалтарып жүргендермен қатаң жұмыс жүргіземіз. Биыл жеке сот орындаушылары тағы да 120 борышкердің мүлкін саудаға шығаруға дайын», - дейді  «СолтүстікҚазЭнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов.

Жыл басынан бері 1,4 мыңнан астам борышкер жарықсыз қалды. Сот жалпы құны 40,6 миллион теңге болатын 367 шешім шығарды. Жалпы сомасы 60,6 миллион теңге болатын тағы да 432 талап-арыз қаралып жатыр.

«Соттың шешімін орындау үшін жеке сот орындаушылары борышкердің мүлкін «қамауға алады», қарызын жалақысынан ұстап қалады. Шаралар нәтиже бермесе, сотқа қарызды төлетудің басқа амалын қарауға ұсыныс білдіреді. Ондай жағдайларда тұрмыстық техникалар, автомобиль, тіпті пәтердің өзі де саудаға шығарылуы мүмкін. Биыл мұндай тәсіл бір автомобиль иесі мен бес пәтер иесіне қатысты қолданылды. Мүлкінен айырылғысы келмегендердің үшеуі жалпы 9 миллионнан астам қаражат тауып берді», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Компания басшысының мәлімдеуінше, қаржылық жағдайы қиын тұрғындарға басқа да тәсілдер қолданылмақ. Атап айтқанда, олардың шамасы жетерліктей етіп қарызды төлеу кестесін жасау ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар