СҚО-да ел Тәуелсіздігінің мерейтойына орай тоғызқұмалақтан чемпионат өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінінің 30 жылдығына орай жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан чемпионат өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатты ұйымдастырған СҚО тоғызқұмалақ федерациясы. Турнир 11, 13, 15 жас аралығындағы ұл-қыздар арасында өтті. Облыстың 7 ауданы мен Петропавлдан 48 жасөспірім қатысып, бағын сынады.

Солардың бірі – Шал ақын ауданы Жаңажол ауылының 14 жастағы тұрғыны Томирис Қатранова. Ол бірнеше облыстық, республикалық додалардың жүлдегері.

«Бұл ойында есепке жүйрік болу қажет. Мен қарсыласыма тұздық бермеуге тырысамын. Бұл – жеңіске жетудің бір жолы. Егер қарсыласқа көп шарик немес тұздық беру керек болса, мен басымдықты тұздыққа беремін», - дейді Томирис Қатранова.

Чемпионаттың жеңімпаздары 24-31 шілде аралағында Семей қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Оған облыстан 6 жасөспірім аттанбақ.

«Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан балалардың барлығы да аудандық және қаладағы спорт мектептерінде тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Жалпы мұндай сайыс бізде жылда өтеді. Ұл-қыздарымыз түрлі республикалық деңгейлерде өтетін додаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сол себепті Семейде өтетін басты ойыннан да құр қол қайтпаймыз деген үміттемі», - дейді тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Талғат Жансейітов. .

СҚО-да тоғызқұмалақ ойынын жоғары деңгейде дамытпақ. Жақында спорттың бұл түрінен облыстық федерация құрылып, оның президенті болып кәсіпкер, белгілі меценат Жомарт Омаров сайланды.


Соңғы жаңалықтар