СҚО-да эко-волонтерлер сенбіліктер маусымын жапты

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Green help» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Экологиялық барлау» жобасы аясында биылғы соңғы сенбілік өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Экологиялық барлау» жобасы экологиялық мәселелерді шешуге, табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған. Оның аясында бұған дейін Петропавлдағы Пестрое көлінің және Есіл өзенінің жағалаулары қоқыстан тазартылды. Бұл жолы волонтерлер тұрғындардың жаздағы сүйікті демалыс орны, Есіл өзенінің құмды жағасында орналасқан «Золотые пески» жағажайына келді.

«Сенбіліктің болатындығы жөнінде бірер апта бұрын газет, әлеуметтік желі арқылы жар салдық. Бүгін күннің суықтығына қарамай 100 шақты адам қайырымдылық іс-шарасына қатысуға келді. Олардың ішінде тұрақты қатысатын волонтерлер де, бірінші рет келген қала тұрғындары да бар. Биылдыққа соңғы сенбілік болғандықтан, оны ерекше ұйымдастырып жатырмыз. Яғни, 2-3 адамнан командаға бөлініп, қоқыс жинаудан өзара жарысады. Жеңімпаздарға сыйлықтарымыз бар», - дейді «Экологиялық барлау» жобасының үйлестірушісі Азат Жұмағұлов.

Волонтерлер қоқысты сұрыптай отыра, яғни қайта өңдеуге болатын шыны, қаңылтыр, пластикті бөліп жинады. Қоқыстың бұл түрі зауытқа жіберіледі. Бұған дейін сенбіліктерде өзен-көлдің жағалауынан осындай 226 келі қалдық алынса, бұл жолы волонтерлер өңдеуге келетін 118 келі қоқыс жинады.


Соңғы жаңалықтар