СҚО-да Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлері жайында электронды база жасалып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік архив Екінші дүниежүзілік соғысқа өңірден аттанған майдангерлер жайында толық ақпарат беретін электронды база жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Электронды база облыстың Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметтері негізінде жасалып жатыр. Оған ресми құжаттар басшылыққа алына отырып, Қызылжар өңірінен соғысқа аттанған жауынгерлердің тізімі және олар жайында барынша толық ақпарат енгізілмек.

«СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен оның 13 аудандағы бөлімдерімен тығыз жұмыс атқардық. Бізге 64 мың адамның тізімін берген болатын. Алайда, жұмыс барысында өңірден Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған майдангерлердің саны одан да көп екені анықталып, қазір саны 70 мыңнан асып кетті. Біз, сондай-ақ 1995-1999 жылдар аралығында басылып шыққан бес томдық «Боздақтар», Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жарық көрген «Солдаты Победы» кітаптарын пайдаландық», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Мереке Баймұқанов.

Электронды база орыс тілінде жасалып жатыр.

Мамандардың айтуынша, оған бар ақпараттың орыс тілінде болуы себеп.

«Базада жауынгердің туған жері, жылы, қайдан, қай жылы әскерге алынды, қай жерде, қандай шенде соғысты, әскери мамандығы, дивизиясы, полкі, алған жарақаттары, марапаттары – барлығы көрсетіледі. Бұл – үлкен жұмыс. Кейін осы мәліметтерді пайдаланып, қазақ тілінде кітап етіп шығару жоспарда бар, әрине егер оған қаржы бөлініп жатса», - дейді Мереке Баймұқанов.

Майдангерлер жайындағы электронды базаны архив қызметкерлері 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дейін жасап шығып, тұсауын кеспек. Ол интернет арқылы бәріне қолжетімді болады.


Соңғы жаңалықтар