СҚО-да екі жүзден астам дәрігер жетіспейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да 226 дәрігер жетіспейді. Оның 76-сы ауылдық жерлерге қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО әкімдігінің отырысында белгілі болды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 28 терапевт, 27 жалпы тәжірибе дәрігері, 21 педиатр, 15 анестезиолог-реаниматолог, сондай-ақ акушер-гинекологтар, хирургтер, дәрігер-зертханашылар жетіспейді.

Былтыр ауылдық жерлерге келген 40 маманға облыстық бюджеттен 1,5 млн теңгеден төленген. Бұдан басқа оларға 168 мың теңгеден көтерме ақы беріледі (қалада 481 мың теңге). Үй салуға немесе сатып алуға 3,6 млн теңге бюджеттік несие қарастырылған. Петропавлдағы «Дәрігерлер үйінен» 96 медициналық қызметкерге баспана берілген. Ауылдық жерлерде 15 дәрігер тұрғын үймен қамтылып отыр.

Астана және Қарағанды медициналық жоғары оқу орындарының 56 түлегімен СҚО жұмысқа келу туралы келісімге қол қойылды.

«Аудан әкімдері бас дәрігерлермен бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Ауылдарда дәрігерлерге, соның ішінде аясы тар маман-дәрігерлерге баспана берілсін. Аудан әкімдерінің жұмысын 3 тоқсанда дәрігерлерді елдімекендерге тартуы бойынша бағалайтын боламыз»,- деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының есебін тыңдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, 13 аудандық аурухананың тек біреуінде ғана штаттық қызметте кардиолог жұмыс істеп жатыр. Қалғандарында кардиологтың міндетін осы мамандық бойынша жарты жылдық қайта даярлықтан өткен басқа сала дәрігерлері қоса атқарып жүр.

Жалпы, былтыр солтүстікқазақстандықтарға мемлекеттік медициналық ұйымдарда 1,5 мың дәрігер мен 5 мыңнан астам орта медициналық қызметкер медициналық көмек көрсетіпті.

Соңғы жаңалықтар