СҚО-да екі жігіт түрмеге телефондар мен оның керек-жарағын кіргізбек болған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесінің №51 төтенше қауіпсіздік мекемесіне ұялы телефондар, құлаққаптар мен сим-карталар енгізбек болған екі жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 23 желтоқсан күні болған. Біреулер жеңіл көлікпен келіп, №51 мекемесінің 2 және 3 учаскелері арасына оралған зат лақтырған. Ол аумаққа бірден мекеменің қызметкерлері жіберіліп, қарауылдың техникалық жолында электродқа таспамен оралған 2 түйіншекті тапты.

Ораманың ішінде 5 смартфон, сондай-ақ 3 құлаққап, бір телефон қуаттағыш және 7 сим-карта болған. Олардың бәрі тәркіленді.

25 желтоқсан күні жеңіл көлікті жол полициясының инспекторлары Саумалкөл елді мекеніне кіреберісте ұстады. Машина 27 жастағы М. есімді жігіттікі, оның қасында 31 жастағы А. деген ер адам болған.

Жауап алу барысында А. рұқсат етілмеген заттардың түрмеде жазасын өтеп жатқан Б.-ға арналғанын айтып, жазбаша түсініктеме берген. Енді А. бұл әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Тиісті материалдар жиналып жатыр.


Соңғы жаңалықтар