СҚО-да екі өңірді қосатын автожолда көпір салына бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстаннан Ақмола облысына апарар автомобиль жолында көпірдің құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Абдалиевтің айтуынша, биыл 24 млрд теңгеге жергілікті маңызы бар 700 км автожол мен елді мекендер ішіндегі 168 км көшеішілік жолдар жөнделмек.

Қаражаттың 17,5 млрд теңгесі - республикалық, қалғаны - жергілікті бюджеттен бөлінген.

«Облыстың барлық аудандарын қамтып, жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндейміз. Әрине, болашағы зор және туристік, мәдени нысандары бар ауылдарға, аудан орталықтарына және ірі шаруашылықтары бар елді мекендерге басымдық беріледі.

«Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалов» автожолындағы жөндеу жұмыстары биыл жалғасын тапты. Инвестициялық жоба аясында 1,1 млрд теңге бөлінді, 9,2 км жол жөнге келтіріледі», - дейді Сәтжан Аблалиев.

Биыл қолға алынған ірі жобалардың бірі – облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көпір құрылысы.

«Облыстық маңызы бар КСТ-62 «Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл» автомобиль жолының 142 км-де көпір құрылысы басталды. Жобаның құны 1,2 млрд теңге. Келер жылы аяқталуы тиіс. Бұл автожол Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын қосады. Өңірлерді дамыту маңызы зор. Сондай-ақ бұл автожол Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағына апарады. Көпір құрылысы үлкен елді мекендер: Тахтоброд, Чистополье, Ялты арасында жүргізіледі. Жол Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 7 мыңнан астам тұрғыны бар 5 ауылдық округті басып өтеді, тағы 15 елді мекен осы жолға шығады», - дейді облыс әкімінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар