СҚО-да екі күнде 60 адам донор болу үшін қан орталығына келген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында демалыс болғанына қарамастан қан орталығына екі күнде 60 адам донор болуға келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы қан орталығы 7-8 қаңтар күндері мереке және демалыс болғанына қарамастан жұмыс істеді. Оған донорлардың толассыз келуі себеп болған.

«Елдегі жағдайды ескере отыра өткен демалыс күндері жұмысқа шығуға бел будық. Донорлар белсенділік танытты, ешқандай шақыртусыз өздері келді. Бір қуантарлығы, үнемі қан тапсырып жүрген донорлардан басқа, бірінші рет келгендер де көп болды. Басым бөлігі – жастар. 7 қаңтар күні 22 адам, ал 8 қаңтарда 38 адам келді. Қан қорын әлі де толықтырамыз. Сондықтан, 18-ден 45 жасқа дейінгі дені сау тұрғындарды донор болуға шақырамыз», - дейді СҚО қан орталығы бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Светлана Задворная.

Маманның айтуынша, қан орталығында жеткілікті мөлшерде қан бар, белгілі бір қан тобына тапшылық жоқ. Соған қарамастан мұнда әр донорды қуана қарсы алады.

«Әдетте донорларымыз қан тапсырғаны үшін ақы алғылары келмейді. Бірақ біз 0,25 АЕК мөлшерінде төлем жасауға міндеттіміз, бұл қаражат олардың ағзасын қалыпқа келтіруге беріледі. Былтыр қан тапсыруға 10 мың өтініш түссе, соның 8 мыңы тапсырды. Донорларымыз негізінен жастар – студенттер, медициналық мекемелердің қызметкерлері және күш құрылымдарының өкілдері», - дейді Светлана Задворная.


Соңғы жаңалықтар