СҚО-да екі ер адам бес қойды атып алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында орманда отын дайындап жүрген екі ер адам адасқан қойдың бесеуін мылтықпен атып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 тамыз күні Аққайың аудандық полиция бөліміне әйел хабарласып, бес күн бұрын 39 қойының жоғалғанын айтқан. Тәртіп сақшылары қойдың басым бөлігін келесі күні көрші М.Жұмабаев ауданынан тапты. Ал жетпеген бесеуінің тері-терсегі орман ішінен табылды. Отқа жанбай қалған сырғадан олардың жоғалған қой екендігі анықталды.

Полицейлер сол маңда отын дайындап жатқан бригаданы тексерді. 43 жастағы бригадир мен 46 жастағы жұмысшы М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаевтың тұрғындары. Олар қылмысты жасағандарын мойындады. Қойларды байқаған ер адамдар аңшы мылтығымен атып алыпты. Сойылған қой етінің бір бөлігі олардың уақытша тұрып жатқан жерінен, қалғаны күдіктілердің үйінен табылды. Сондай-ақ вагон ішінен заңсыз сақталған қару, 16 калибрлі 6 оқ-дәрі, 7 гильза тәркіленіп алынды. Келтірілген шығын 1 млн 300 мың теңгені құрады.

«Мал ұрлығы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - дейді Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров.

Мал иесі де әкімшілік жазаға тартылмақ. Әйел бұған дейін де қойларын бағусыз бос қоя бергені үшін жазаланған екен. Өйткені бос жүрген мал ұрыларға оңай олжа.

СҚО-да жыл басынан мал ұрлығына қатысты 22 қылмыс тіркеліп, оның 20-сы ашылды.


Соңғы жаңалықтар