СҚО-да екі елікті заңсыз атқан күдіктілер ұстады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі елікті атты деген күдікпен ауыл жігіттері ұсталды. Енді олар браконьерлікпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңсыз аңшылықты Айыртау ауданының учаскелік инспекторлары ойда-жоқта анықтаған. Жұмыс бабымен ауылдардың біріне бара жатқан полицейлер орман жаққа кеткен шаңғы іздерін байқайды. Қар үстіне із жақында ғана түскен екен.

Жолдың бойын тексеру кезінде екі сібір елігінің еті табылды. Сол маңда тұрған екі адам полицейлерді көре сала орманға қарай қашып, жасырынды. Алайда олардың біреуін учаскелік полиция инспекторы танып қалған.

Келесі күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз аң аулады деген күдікпен ауданның 22 және 28 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олардан аңшы мылтықтары мен оқ-дәрілер тәркіленді.

Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Адамдар тобымен жасаған қылмыс үшін 6 мың АЕК мөлшерінде айыппұлдан бастап 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ аң аулауға жеті жылға тыйым салу түрінде қосымша жаза қарастырылған. Қазіргі уақытта көптеген жануарларды, оның ішінде тұяқтыларды аулауға тыйым салынған. Заңсыз аңшылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін естен шығармауды және заңнама талаптарын сақтауды сұраймыз», - дейді Айыртау аудандық ПБ бастығы Марат Серкешев.

Фото: polisia.kz


Соңғы жаңалықтар