СҚО-да екі балаға қызылша диагнозы қойылды

Фото: Фото: iStock
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері бес бала қызылша ауруына күдіктелсе, соның екеуінде диагноз зертханалық жолмен расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай елімізде тұрақсыз, биыл 5 айда 715 адамда тіркелген.

СҚО-да да қауіпті дерт бойынша 5 бала қаралса, соның екеуінде қызылша расталды.

«Қызылшамен ауырған балалардың біреуі оны Алматыдан жұқтырып келген. Екіншісі ешқайда шықпаған. Қазір бір бала инфекциялық бөлімде станционарлық ем алып жатыр. Ата-анасы профилактикалық екпелерден бас тартқан.

Екінші балаға қызылшаға, қызамыққа және індеттік паротитке қарсы вакцинаның екі компоненті қойылған. Ол тәуір болып, үйіне жіберілді», - дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, қызылша аса жұқпалы вирусты инфекция. Ол ауа-тамшы жолымен таралып, шырышты қабат арқылы ішке енеді. Жұқпамен тек адамдар ғана ауырады.

«Қызылшаның асқынуынан адам өліп кетуі мүмкін. Көбінесе бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде асқынулар болады. Салдарынан соқырлық, энцефалит, ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ инфекциялары және пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының инфекциялары пайда болуы мүмкін.

Жүктілік кезінде қызылшаны жұқтырған әйелдерде де ауыр асқыну болып, өздігінен түсік түсіп немесе мерзімінен бұрын босанып қалуы мүмкін», - дейді санитар дәрігер.

Қызылша әдетте, бетте макулопапулярлы бөртпемен, 39 градустан жоғары температурамен, конъюнктивит, жөтел, мұрыннан су ағу және Бельский-Филатов-Коплик - ауыздағы ақ дақтармен басталады.

«Қызылшамен күрестің тиімді жолы – вакцинация. Дертке қарсы вакцина 50 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Бұл моновакцина, қызамық пен паротитке қарсы вакциналармен біріктірілгенде түрінде де қауіпсіз және бірдей тиімді. Иммундық қорғанысты қамтамасыз ету үшін ҚР егудің ұлттық күнтізбесіне сәйкес вакцинаның екі дозасы қажет – бірінші егу баланың 12-15 айында, ал екіншісі 6 жаста қойылады. Өткізіп алған дозаларды кез келген жаста, оның ішінде ересек жаста да алуға болады», - дейді Арман Күшбасов.

Егер аурудың белгілері пайда болса, дереу медициналық ұйымға хабарласу керек.


Соңғы жаңалықтар