СҚО-да екі айдан бері хабарсыз кеткен 47 жастағы ер адамды туыстары іздеп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, 47 жастағы Мұрат Мұханжаровқа іздеу жарияланды. Ер адам соңғы рет қазан айында туыстарымен телефон арқылы байланысқа шыққан, содан бері хабар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Мұрат Мұханжаров ата-анасымен Челюскин, 52 мекенжайында тұрған.

Жоғалған кісінің ағасы Наурызбай Мұханжаровтың айтуынша, тамыз айының ортасында ол үйінен жұмыс істеймін деп кеткен.

47 жастағы ер адам әйелінен ажырасқан екен.

«Соңғы рет қазан айының басында ініме хабарласып, Булаевта құрылыста жүрмін деген. Туған күні 13 қазан. Сол күні құттықтайық деп, қоңырау шалғанымызда, телефоны сөндірулі болды. Тойлап жатқан шығар деп мән бермедік. Содан бері телефоны сөндірулі. Машинасын мініп кеткен. Оны жолдасының үйіне қалдырып кеткен екен. Сынып тұрған машинаны алып кет дегесін, үйге әкеліп қойдық. Мәйітхана, ауруханалардың бәріне хабарластық. Булаевқа барып іздедік, көрген адам болмады», - дейді Наурызбай Мұханжаров.

Туған-туыстары өздері іздеп, нәтиже болмағаннан кейін полицияға арыз берген. Нәтиже жоқ.

Із-түзсіз кеткен Мұрат Мұханжаровтың бойы шамамен 170 см, қара көзді, қара шашты.

Үйден жазғы киіммен кеткен. Өзімен бірге жеке куәлігі, автокөліктің құжаттары болған.

Жоғалған ер адамды көрген-білгендер болса, 8 775 152 07 52, 8 775 631 48 11 немесе 102 нөміріне хабарласа алады.


Соңғы жаңалықтар