СҚО-да екі ауданда жел электр стансалары салынбақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биомассамен жағылатын қазандықтардың саны артып келеді, нәтижесінде тек 2021 жылы көмір сатып алудан бюджет қаржысы 260 млн теңгеге үнемделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде 2015 жылдан бастап биомассамен жағылатын қазандықтар орнатылып жатыр. Бүгінде облыста олардың саны 125-ке жетті, соның ішінде 81 бюджеттік мекеме көшірілді. Нәтижесінде көмір 26 мың тоннаға аз алынып, бюджеттің 260 млн теңгесі үнемделген.

«Өткен жылы облыс аудандарында осындай 7 қазандық орнатылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Өйткені алты жылдың ішінде биомассамен жағылатын қазандықтардың нәтижелілігіне көз жетті. Қазіргі уақытта қазандықтарды орнату жоспары құрылып жатыр», - дейді басқарма басшысы Бақыт Ілиясов.

Облыста жалпы қуаты 70,3 МВт жаңартылатын энергияны пайдаланатын 174 нысан жұмыс істейді. Олар - гидроэлектр стансалары, жел генераторлары және биоқазандықтар. Соңғы 6 жылда бұлардың қуаты 25 есеге артқан.

«2022-2023 жылдары «ENERGO TRUST» ЖШС Айыртау ауданында қуаты 50 МВт жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Тайынша ауданында «Green city KZ» ЖШС 2022-2024 жылдары қуаты 10 МВт жел электр станциясын салуды жоспарлаған. Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды жүзеге асыру облыстағы экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға ластаушы заттар мен парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, ірі ауқымды апаттар қатерін азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Бақыт Ілиясов.


Соңғы жаңалықтар