СҚО-да егіс алқаптарын химиялық өңдеуге 12 млрд теңге субсидия бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл зиянкестер және түрлі өсімдік ауруларымен күресу үшін 3 млн артық гектарды дәрілемек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл жауын-шашын аз, күн ыстық болғанымен дәнді дақылдардың шығуы жаман емес. Жайқалған астықты арам шөптен қорғау мақсатында 3 млн артық гектар гербицидпен өңделді. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алқаптарға фунгицидтті-инсектицидті препараттарды шашып жатыр. Бұл септориоз, тат, тозаңды каракүйе сияқты қауіпті өсімдік ауруларына және бидай трипсі секілді зиянкестерге қарсы қолға алынған шара.

«Шаруалар қажетті химиялық дәрілеу жұмыстарын уақытында жүргізіп жатыр. Шілде айынан бастап түрлі өсімдік аурулары мен зиянкестердің алдын алу мақсатында жүргізілсе, қазір кей жерлерде олардың ошақтары анықталып, күрес басталды. Бірақ айтарлықтай дүрмек жоқ. Алдын ала жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр», - дейді СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бақтияр Тоқжігітов.

Химиялық дәрілеу тамыз айының басына дейін, дәнді дақыл пісе бастағанға дейін жүргізіледі. Фитосанитария қызметінің алдын ала мәліметі бойынша, Уәлиханов ауданында шегіртке алқаптарға зиянын тигізуі мүмкін. Алайда, әзірше ошақтары анықталған жоқ.

«Биыл алқаптарды химиялық өңдеуге 12 млрд теңге субсидия бөлді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд теңгеге көп. Субсидия беру ережесіне де өзгеріс енгізілді. Былтыр тек гербицидке ғана демеуқаржы берілсе, биыл фунгицидтті-инсектицидті препараттарды қолданғандар да 50 % жеңілдікке ие болады. Қазіргі уақытта қаулы бекітіліп жатыр, қабылданғаннан кейін диқандардан өтінішті қабылдауды бастаймыз. Олар сатып алған препараттарының мөлшерін, дәрілеген алқаптарының аумағын көрсетулері қажет», - дейді Бақтияр Тоқжігітов.

Биыл өңірге тыңайтқыштарға 6,2 млрд теңге бөлінді. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде 100 мың тоннадан артық минералды тыңайтқыш субсидияланды. Шаруалардан өтініштер әлі күнге қабылданып жатыр.


Соңғы жаңалықтар