СҚО-да егіс алқабы бар агроқұрылымдарға мал ұстау міндеттелмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 226 млрд теңгенің 34 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның 10-ға жуығы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңірде 5496 агроқұрылым болса, соның тек 1058-і, яғни 19% ғана мал шаруашылығымен айналысады.

«Бүгінде ет өндірудің артықшылығы көп. Үлкен ауылшаруашылық алқаптары болғанымен соны тиісті деңгейде пайдалана алмай отырғандар бар. Егіншілікпен айналысатындарға мал шаруашылығын қоса жүргізуді заң жүзінде міндеттеу керек деген пікірдемін. Мәселен, астықты өлкеде шаруаның 1 мың гектар егіс алқабы болса, ол шағын ферма ашып, 100 бас ірі қара мал ұстауы тиіс. Біз қазір Үкіметпен жаңа механизм құру жөнінде жұмыс атқарып жатырмыз. Енді субсидия алу үшін агроқұрылымда міндетті түрде мал болуы керек. Тіпті, мемлекеттік көмек өсімдік шаруашылығына бағытталған жағдайда да, мал саны есепке алынады», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыста сүт өндірісіне де басымдық берілген. Былтыр шаруашылықтарда цифрлық үш сүт фермасы ашылса, биыл тағы 10-ы пайдалануға берілмек. Жоспар бойынша ағымдағы жылы 590,4 мың тонна сүт өндіру міндеті тұр. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 4% артық.

Бұдан басқа, республикаға танымал бренд - «Маслодел» кәсіпорны жаңа желіні іске қосып, сүт, қаймақ пен айранның жаңа түрлерін шығаруды жоспарлаған. Инвестиция көлемі – 4 млрд теңге. Нәтижесінде облыста жылына 550 мың тонна сүт өндіріледі. Бұл өңір тұрғындарының қажеттілігінен 11,8 есе артық.

Қызылжар ауданының Глубокое елді мекенінде етті бағыттағы құс фермасының құрылысы жүріп жатыр. Якорь құс фабрикасы да биыл жаңғыртылып, 100 млн жұмыртқаның орнына жылына 150 млн дана шығаратын болады.


Соңғы жаңалықтар