СҚО-да дүниеге келгендерден қайтыс болғандардың саны көп

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрып жатқан халықтың тең жартысы – ауыл тұрғыны. Қазіргі уақытта өңірде 533,4 мың адам тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 1 сәуірге облыстағы халық саны 533,4 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 259,1 мың адам немесе 48,6% және ауылдықтар – 274,3 мың адам - 51,4%.

Алғашқы үш айда 1332 нәресте дүниеге келді. Өмір есігін ашқан балалардың 681 – ұл және 651 – қыз. Жаңа туған нәрестелердің 539-ы - 40,5% Петропавлда туған.

Облыс аудандары арасында ең жоғары туу коэффициенті Уәлиханов ауданында – 14,55 промилле, Шал ақын ауданында – 11,84, Ақжар ауданында – 11,51 промилле.

Облыс бойынша ең төмен туу көрсеткіші Есіл ауданында – 8,45, Аққайың – 9,00, Қызылжар ауданында – 9,32 промилле.

Биылғы қаңтар-наурызда 1514 адам қайтыс болды.

Тұрғындардың өмірден өтуі себептері арасында ең үлкен үлес - қан айналымы жүйесінің ауруларына жатады, 17,4% алады, екінші орында 14,3% тыныс алу органдарының аурулары, 8,9% - онкология, 8,7% - ас қорыту органдарының аурулары, 6,3% - жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттану алған.

Өлім-жітім коэффициенті облыс бойынша 11,53 промиллені құрады.

2023 жылдың I тоқсанында 625 неке тіркелді, ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,4% кем.

Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша, некені бұзу туралы сот шешімдерін ескерусіз, 144 ажырасу тіркелді.

Бұған дейін СҚО-да биыл отау құрып, некесін тіркеген ең егде жастағы әйелдің жасы – 82-де, ал ер адамның 81-де екенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар