СҚО-да діни әдебиетті заңсыз таратқандар жазаға тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында діни кітаптарды заңсыз таратып келгендер әшкереленіп, әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жыл басынан бері діни әдебиет пен діни мазмұндағы аудио-бейнежазбаларды интернет желісінде таратқан сегіз адам әкімшілік жауапқа тартылды. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері осындай деректерді анықтау мақсатында интернет-ресурстарды үнемі бақылауда ұстап отырады.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары «салафизм» деструктивті діни бағытын ұстанатын Петропавл қаласының тұрғынын анықтады. Ол «WhatsApp» желісі арқылы діни мазмұндағы түрлі жазбаларды таратып келген. Ол осы әрекетімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабын бұзған.

Осы бағытты ұстанған тағы бір петропавлдық «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне тіркеліп, өз парақшасында Исламның қағидаларын теріс түсіндірген шетелдік деструктивті уағыздаушылардың аудиолекцияларын ашық түрде орналастырған. Енді ол діни мазмұндағы материалдарды таратқаны үшін 126 мың теңге шамасында айыппұл төлейді.

«Деструктивті діни ағымды ұстанушылар мүдделестер қатарын арттыру үшін ештеңеден тайынбай психологиялық түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Сол себепті интернет-ресурстардың барлық пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде танысу кезінде сақ болуды, интернет арқылы діни мазмұндағы әдебиеттерді сатып алмауды, діни сипаттағы күмәнді қауымдастықтар мен топтардың құрамына кірмеуін сұраймыз», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.

Мамандардың айтуынша, өңірде діни мазмұндағы әдебиетті сатуға жергілікті атқарушы органның рұқсаты бар 12 сауда орны жұмыс істейді. Оның біреуі Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында, қалғаны Петропавлда орналасқан.

Соңғы жаңалықтар