СҚО-да демалыс күндері термометр бағаны +42 градусқа жетпек

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы аптап ыстық демалыс күндері шарықтау шегіне жетпек. Өңірде ескерту жарияланды. Болжам бойынша ауа температурасы +41..+42 градусқа дейін жетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы директорының орынбасары Наталия Левинаның айтуынша, қалыптасқан ыстық ауа-райы Иран мен Орта Азиядан келген ауа массаларымен байланысты. Түнде ауа температурасы +18..+ 23°С, күндіз термометр бағандары +34..+ 39°С дейін көтерілді. 3 маусымда ауа температурасы кей жерлерде +42°С дейін жетеді.

«7 маусымнан бастап СҚО аумағына циклон келеді. Оның әсерінен найзағай ойнап, қысқа мерзімді жаңбыр жауады, жел күшейеді, бұршақ, шаңды дауыл болады. Ыстықтың да беті қайтады.

Ауа температурасы түнде +18..+23°С-тан +12..+17°С дейін, күндіз + 34..+39°С-тан +22..+27°С-қа дейін біртіндеп төмендейді.

Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа райы ауыспалы болады. Қысқа мерзімді жаңбыр, екпінді жел, найзағай, бұршақ және шаңды дауыл болуы мүмкін», - дейді Наталия Левина.

Жалпы маусым айында бір айдағы орташа температура +18,2..+20,0°С болады деп күтілуде, бұл нормадан 1-2 градусқа жоғары. Ал жауын-шашын мөлшері кей жерлерде нормадан аз болады деп болжанған.

«СҚО-да ауа температурасының 35-тен 40-қа дейін жоғарылауы сирек кездесетін табиғи құбылысқа жатады. Петропавл қаласы бойынша термометр бағанасы 1940 жылдың шілдесінде 40,5 °С дейін көтерілді. Облыс бойынша соңғы рет қатты ыстық 2021 жылдың 2-3 шілдесінде Тимирязево, Рузаевка және Чкалов метеостанцияларында тіркелді, мұнда сынап бағанасы 40,1..40,5 °С жетті», - дейді синоптик.

Аптап ыстыққа байланысты СҚО-да 1-3 маусым аралығына ескерту берілді.


Соңғы жаңалықтар