СҚО-да демалыс күндері көктайғақтан жарақат алған 30 адам дәрігерге жүгінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері 126 адам түрлі жарақатпен ауруханаға келсе, соның 30-ы көшеде жарақаттанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы №3қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Валерий Грибашовтың айтуынша, биыл көктайғақтан зардап шегушілер қатары аз. Әзірге ауа райы қолайлы, яғни жылдағыдай қатты көктайғақ жоқ.

Десек те, дәрігерлер жұмыссыз отырған жоқ. Тек соңғы үш тәулікте жарақат бөліміне көмек сұрап 126 адам келген.

«Оның тек 30-ы ғана жарақатты көшеде алған. Кеше тобығын сындырып алған әйел келіп, оған бірден көмек көрсетілді. Бүгін көшеде келе жатып, құлап аяғын сындырған тағы бір адам жеткізілді. Қазір оны операцияға дайындап жатырмыз. Ұзақ емделеді. Екі ай гипсте жатады», - дейді Валерий Грибашов.

Маманның айтуынша, көшеде жарақат алатындар негізінен тобығын не иығын шығарады немесе аяғын сындырады. Ал мұндай жарақаттар ұзақ емделеді екен.

«Алдымен сүйек орнына келіп, дұрыс бітуі үшін гипс салынады, онымен бірер ай жүреді. Кейін ең кемінде екі аптадай оңалтудан өтуі керек. Жалпы көктайғақтың зардабын тартпау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Мәселен мұндай күндері жаңа аяқ киімді емес, үйренген етікке таңдау жасап киген жөн. Сондай-ақ барар жерге асықпай жету үшін көктайғақта үйден ертерек шығу керек», - дейді тәжірибелі дәрігер.


Соңғы жаңалықтар