СҚО-да демалыс күндері карантин шаралары күшейтіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері карантиндік шектеу шаралары қатаңдатылады. Шағын дүкендер мен дәріханалардан басқа барлық көңіл көтеру және қызмет көрсету орталықтары жабылады. Бұл күндері қоғамдық көлік те уақытша жұмысын тоқтатпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Ол 27 маусым сағат 00.00 күшіне еніп, 29 маусым күні сағат 00.00 күшін жояды.

Бұл күндері облыс тұрғындарына туған-туыс, таныстарын аралауға, отбасылық іс-шараларды өткізуге шектеу қойылмақ. Сондай-ақ өңір бойынша және елді мекендерде жаяу, жеке көлікпен қатынауға тыйым салынады. Тұрғындар үйден тек жұмысқа барып, жақын маңдағы дүкен мен дәріханадан керек-жарағын алу үшін және үй жануарларымен ғана шыға алады.

Демалыс күндері облыстағы барлық супермаркеттер мен гипермаркеттер, сауда орталықтары, базарлар, ойын-сауық, бизнес орталықтар, қызмет көрсету орталықтары, моншалар, қоғамдық тамақтану орындары, туризм нысандары мен мейманханалар, жағажайлар, спорт-мәдениет-діни нысандар, үйірмелер уақытша жұмысын тоқтатады. 27-28 маусым күндері қоғамдық көлік те қатынамайтын болады.

Пәтер иелері кооперативтері басқа да серіктестіктермен бірге балалар және спорт алаңдарын, үйлердің кіреберістерін зарарсыздандыруға міндетті. Кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары да ғимараттардағы өндірістік және тұрмыстық бөлмелерде толық тазалау жұмысын жүргізуі тиіс.

Мамандар мұндай қатаң шараларға коронавирусты инфекцияны жұқтырушылар санының артуына байланысты баруға мәжбүр. Бұған дейін СҚО-да тек бір аптада ауырғандар санының бірден 32% артқанын айтқан едік.

Қазір өңір ауруханаларында қатерлі індетті жұқтырғандарға арналған бөлімдер 71% толған.


Соңғы жаңалықтар