СҚО-да демалыс күндері карантин қайта күшейтіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері қатаң карантин шектеулері енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасов карантинді күшейтуге қатысты қаулыға қол қойды. Жаңа қаулы бойынша 24 шілде сағат 00.00-ден бастап 27 шілде сағат 00.00-ге дейін және 31 шілде сағат 00.00-ден бастап 3 тамыз сағат 00.00-ге дейін облыс бойынша, соның ішінде елдімекендер ішінде жүруге шектеу қойылады.

Үйден тек жұмысқа барып-келуге, жақын маңдағы азық-түлік дүкені мен дәріханаға баруға және үй жануарларын аулада серуендетуге ғана шығуға болады. Отбасылық іс-шараларға, қонақ шақыруға, баруға тыйым салынды.

Демалыс күндері барлық базарлар, сауда және қоғамдық тамақтану орындары, жазғы дәмханалар жұмыс істемейді. Мейрамханалар мен дәмханалар тек дайын тағамды жеткізіп берумен шектеледі.

Облыстағы барлық саябақтар мен бақтар жабық болады. Туризм нысандарына жаңадан демалушыларды қабылдауға тыйым салынды. Сондай-ақ бұл күндері қоғамдық көліктер жүрмейді және қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді.

Такси қызметі санитарлық талаптарды қатаң орындай отырып қана жолаушы тасымалдауға құқылы. Яғни, такси жүргізушісі міндетті түрде маска тағып, қолғап киюі қажет, әр жолаушыдан кейін көлікті зарарсыздандыруы керек. Екі адамнан артық жолаушы ала алмайды, бірақ бұл – бір отбасы мүшелеріне қатысты емес.

Екі күннің ішінде облыс бойынша барлық балалар және спорт алаңдары, көппәтерлі үйлердің кіреберістері зарарсыздандырылып, кәсіпорындар өздерінде дезинфекциялық препараттармен тазалау жұмыстарын жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар