СҚО-да демалыс күндері 20 шақты өрт тіркелді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 21 өрт тіркелді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынанөңірде 250 өрт тіркеліп, 24 адам мерт болды, 5 адам күйік алды. 13 адамға, соның ішінде 4 балаға иіс тиіп, уланды. Материалдық шығын 160 млн теңгеден асады.

Өрт қауіпті кезең басталғалы 19 орман өрті тіркелді.

Ал Петропавлда жыл басталғалы 76 өрт болған, 209 жану жағдайы тіркелді, қураған шөпке от қоюдың 83 фактісі анықталды. 20 шақты адамға жалпы сомасы 245 мың теңге және заңды тұлғаларға 918 мың теңге айыппұл салынды.

«Соңғы ірі өрт 8 мамыр күні Петропавлдағы Копай ықшам ауданында тіркелді. Бірден жеке тұрған үш үйде өрт шықты. Мамандар келген кезде ол үйлер отқан оранып үлгеріпті. Ғимараттардың тығыз орналасуына байланысты өрт тез тараған. Белгісіз біреулердің отты абайсыз қолдануы себеп болған. Өртті сөндіру кезінде 4 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ. 9 мамыр күні тағы да осы ауданда қамыстан өрт шығып, жалын жеке тұрғын үйлерге ауысты, бірнеше қора-қопсы жанып кетті. Қазір қураған қамысқа кімнің от қойғаны анықталып жатыр», - дейді Петропавл қалалық ТЖ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әзімхан Мерғасымов.

Маманның айтуынша, бұған дейін саяжай серіктестіктерінде болған өрттен 200-ден астам құрылыс нысаны жанып кеткен. Өрттің шығуына кінәлілер анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке тұлғаларға 20 АЕК дейін айыппұл қарастырылған.

9 мамыр күні Петропавлдағы Назарбаев көшесі, 121 мекен жайындағы көп қабатты үйдің 5 қабатында өрт шықты. Электр қуатын тарататын қорапшада сымдардың қысқа тұйықталуы болған. Салдарынан пәтердің ас бөлмесіндегі тоңазытқыш лапылдап жанып, жалын лезде басқа бөлмелерге тараған. Мамандар келген кезде есік сыртынан жабық болған. Тұрғындар өздігінен шыға алмай, балконда құтқарушыларды күткен. Өрт сөндірушілер алдымен тұрғындарды құтқарып, кейін жалынды ауыздықтады.


Соңғы жаңалықтар