СҚО-да дәрігерлер ботулизмның алдын алу жолдарымен бөлісті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер тұрғындарды негізінен дұрыс консервіленбеген өнімді тұтынудан пайда болатын ботулизм ауруы туралы ескертіп, оның алдын алу жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Гүлшат Асылбекованың айтуынша, әсіресе күз уақытында ботулизм ауруы туралы ұмытпаған жөн. Өйткені инфекциялық ауру консервіленген тағамдардан, соның ішінде ысталған және кептірілген балық, шұжықтан туындауы мүмкін.

«Күзде тұрғындар қысқа қам жасап, көкөністерді, саңырауқұлақтарды тұздап, түрлі тіскебасар жасап, консервілейді. Алайда өнім дұрыс өңделмесе немесе сақталмаса қауіпті бактерия жойылмай қалуы мүмкін. Clostridium botulinum бактериялары – ботулизмнің қоздырғыштары. Олар топырақта және су айдынының түбінде кездеседі, осылайша өсімдіктерге, балықтарға және үй жануарларына таралады. Бұзылған тамақты анықтау мүмкін емес, оның түсі, дәмі, иісі өзгермейді. Бактерия ауасыз ортада, яғни консервілерде жақсы дамиды», - дейді Гүлшат Асылбекова.

Маманның айтуынша, ботулизм - құрамында ботулотоксин бар өнімдерді пайдалану кезінде пайда болатын жіті инфекциялық ауру. Ботулотоксиндер жүйке жүйесіне әсер етеді. Азық-түлік ботулизмі сал ауруына әкеліп, тыныс алу жеткіліксіздігін тудырады.

«Инфекцияны жұқтырған адамда қатты шаршау, әлсіздік және бас айналу, көз алды бұлдырлау, аузы құрғау секілді белгілері болады. Сонымен қатар жұтынуы және сөйлеуі қиындайды. Сондай-ақ құсу, диарея, іш қату және ентігу болуы мүмкін. Ауру асқынған сайын мойын мен қолдарда әлсіздік пайда болады, содан кейін тыныс алу және аяқ бұлшықеттері зақымдана бастайды. Бірақ дене қызуы көтерілмейді және адам есінен таңбайды.

Бұл белгілер бактериядан емес, ол бөлетін токсиннен туады. Симптомдар әдетте ауруды жұқтырғаннан кейін 12-36 сағатта пайда болады немесе кем дегенде 4 сағатта және максимум 8 күнде белгілері шығады. Ботулизм диагнозы дұрыс қойылмаған және дереу емделмеген жағдайда арты өлімге апаруы мүмкін», - дейді санитар дәрігер.

СҚО-да соңғы 10 жылда ботулизм диагнозы қойылмаған. Сақансаң сақтайды, сол себепті маман көкөністер мен жемістерді ағынды мұқият жуып барып пайдалануға кеңес береді.

«Өнімдерді дұрыс сақтаңыз, сірке суын немесе лимон қышқылын қолдануды ұмытпаңыз. Банкаларды, қақпақтарды қолданбас бұрын зарарсыздандыру қажет. Базарларда үйде дайындалған консервіленген салаттарды, көкөністерді, саңырауқұлақтарды, қақталған балықты сатып алуға тыйым салынады.

Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгінуі керек. Консервіленген күдікті өнімнің қалдықтары зертханалық зерттеулер үшін сақталуы қажет», - дейді Гүлшат Асылбекова.


Соңғы жаңалықтар