СҚО-да бюджеттік 30 көпқабатты үй салынып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы төрт жылда тұрғын үй құрылысын бюджеттік қаржыландыру 3 есе артып, биыл бұл салаға 29 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде жылды қорытындылаған, болашаққа жоспарды айқындаған жиын өтті.

«Биыл солтүстікқазақстандықтар қай салада болмасын аянбай еңбек етті. Мен жұмысшыларға, шаруаларға, кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге, адал еңбек етіп, болашақ жетістіктердің негізін қалаған баршаға шын жүректен алғыс айтамын.

Алдағы мақсат айқын. Біз үшін ең бастысы алған қарқынды төмендетпеу, жерлестеріміздің тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерімізді салу», - деді жиынды ашқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Қай салада болмасын биылғы көрсеткіш жақсы. Мәселен тұрғын үй құрылысына келер болсақ, соңғы 4 жылда бюджеттік қаржыландыру 9 млрд-тан 29 млрд теңгеге дейін артып, үш есе өскен.

Коммерциялық құрылыс қарқын алып келеді. 2017 жылы инвестор қаражатына 1 ғана көп қабатты үй тұрғызылса, биыл осындай 23 баспана салынып жатыр. Шетелдіктер тарапынан да қызығушылық байқалады.

«Түрік компаниясы облыс орталығында көп қабатты үйлерді салуға мүдделі. Жобаларын ұсынды. Ерекше салынған коммерциялық үйлер біздің қалаға көрік береді деп ойлаймын.

Бұдан басқа бюджеттік көпқабатты 30 баспана салынып жатыр. Соңғы 4 жылда облыс орталығында 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, 30 мыңға жуық адам тұрмыстық жағдайын жақсартты», - дейді облыс әкімі.

Қазір Петропавлда «Жаңа қала» реновациялық бағдарламасы жүргізіліп жатыр. СҚО Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейін өңірлердің ішінде бірінші болып бұл бағдарламаны қолға алды. Нәтижесінде 6 мыңға жуық қала тұрғыны жаңа баспанаға қоныс аударды.

«Реновация бағдарламасы Петропавлдағы Копай шағын ауданында да жүзеге асады. Қазіргі уақытта 2,8 мың пәтері бар 17 көп қабатты үйдің жобасы әзірленді. Ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспаналар тұрғызылады», - дейді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар