СҚО-да былтыр жаңадан 200-ден астам адамнан туберкулез анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 219 адамда туберкулез ауруы анықталса, соның 8-і - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 наурыз – туберкулезбен халықаралық күрес күні. Осыған орай елімізде 24 ақпаннан туберкулез ауруының алдын алуға бағытталған айлық жүріп жатыр. Айлық аясында СҚО фтизиопульмонология орталығында «ашық есік» күні өтті.

Орталықтың бас дәрігері міндетін атқарушы Қаныш Бижановтың айтуынша, өңірде туберкулезбен ауырғандар саны азайып келеді. Былтыр жаңадан ауырған 219 жағдай тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36,4 %-ға кем, 348 адам ауырған екен. Балалар арасында да жұқтырғандар 12-ден 8-ге дейін азайған.

«Жаңадан 219 адам ауырса, тағы 112-сінде рецидив болды. Флюрографиялық тексерістен жоспарланған 354 мың адамның 328 мыңнан астамы өтті. Нәтижесінде 123 науқас анықталды. Жоспарды аудандарда 100 % орындауға карантиндік шектеулер кедергі болды. Сондай-ақ бактериоскопиялық және Gxpert әдісімен 4 мыңға жуық тұрғын тексерілді. 247 адамның бактерия бөлетіндігі анықталып, 198 адамда оң нәтиже болды», - дейді Қаныш Бижанов.

Сондай-ақ 40 мыңнан астам баладан туберкулез сынамасы алынып, Диаскинтест арқылы 6 мыңға жуық бала тексерілді. 5774 сәбиге туберкулезге қарсы екпе егілді.

«Туберкулезбен ауырғандарға әлеуметтік көмек қарастырылған. Былтыр 30 млн 237 мың теңге 528 сырқатқа берілді. Бір адамға ай сайын 16 668 мың теңге көмек бар. Алайда бұл көмек барлық ауданда бірдей көрсетілмейді. Мәселен Тайынша және Ақжар аудандарында үш айда бір рет, ал Петропавлда 27 780 теңге жылына бір рет қана беріледі», - дейді СҚО фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері міндетін атқарушы Қаныш Бижанов.


Соңғы жаңалықтар