СҚО-да былтыр өндірісте жарақат алғандарға 19 млн-нан астам теңге төленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында былтыр өндірісте жарақат алғандарға 19,2 млн теңгеге төлем жасалса, оның 12 млн теңгесі еңбекке жарамсыздық парағы бойынша берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Статистика департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылы өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 74 адам жарақаттан зардап шегіп, еңбек қабілеттілігінен уақытша айырылса, соның 21-і әйел. Жұмыс уақытында зақым алғандардың 62,2% жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 32,4% - мемлекеттік және 5,4% - өзге мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.

Мамандардың ресми мәліметінше, былтыр өндірісте 3 адам қаза тапқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 62,5% аз. Қаза тапқандардың екеуі жекеменшік, ал біреуі өзге мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.

Қайғылы оқиға көбіне ауыл, орман және балық шаруашылығында тіркелген. Зардап шеккендердің 25,7%, яғни 19 адам осы сала қызметкерлері. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының 9 қызметкері, өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін 7 адам, сауда және көлік саласының 6 маманы, сумен жабдықтау және мемлекеттік басқару саласының 5 қызметкері өндірістік зақым алған.

Жазатайым оқиғалар негізінен жапа шеккендердің абайсыздығынан болады екен. Осы себеппен 28 адам уақытша еңбек қабілеттілігінен айырылған. Былтыр 13 адам биіктен құлап кетсе, 8 адам ұйымның көлігінде келе жатып жол апатына ұшыраған. Жалпы, өндірісте жарақат алушылардың әрбір төртіншісі дерлік - өндірістік жабдық операторы, құрастырушы немесе жүргізуші болып еңбек етеді.

Зардап шеккендердің жалпы санынан 44,6% 46-60 жастағылар болып тіркелген.

Статистика қызметінің мәліметтерінше, 2018 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалар бойынша 19,2 млн теңге материалдық төлем жасалса, оның 12 млн теңгесі еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленген. Бұдан басқа шамамен 7 млн теңгені біржолғы жәрдемақылар құрады.

Соңғы жаңалықтар