СҚО-да былтыр өндірісте жарақат алған 44 адамның алтауы қаза тапты

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өндірісте былтыр 38 жазатайым оқиға болса, 44 адам зардап шеккен, алтауы қайтыс болды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының айтуынша, оның басым бөлігі шағын бизнес нысандарында тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның қоғамдық кеңесінде мемлекеттің еңбек инспекциясы басқармасы өткен жылды қорытындылады.

Ведомство жетекшісі Марат Омаровтың айтуынша, өндірісте 38 жазатайым оқиға болды, 44 адам жарақаттанды, соның алтауы қаза тапты.

Былтыр 45 адам жарақаттанып, 8-і қайтыс болған.

«Барлық жазатайым оқиғалар ҚР қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес тексерілді. Тергеу қорытындысы бойынша 33 арнайы тергеу материалы полиция органдарына жіберілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалар негізінен шағын бизнес және ауыл шаруашылығы ұйымдарында, сондай-ақ бюджеттік салада тіркелген. Соның ішінде шағын бизнес ұйымдарындағы жазатайым оқиғалардың үлесі шамамен 24%, ауыл шаруашылығында - 21% және бюджет саласы – 18%. Ал орналасуы бойынша Петропавлда 21 оқиға болған», - дейді Марат Омаров.

Мамандар өндірістегі жазатайым оқиғаларға талдау жүргізіп, саралады.

«13 жазатайым оқиға - 34%, зардап шеккендердің өрескел абайсыздық танытуынан болған. 9 жағдайда жұмыс өндірісі қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылған, 6 жағдайда қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқыту жүргізілмеген. Ал 3 жағдайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар