СҚО-да былтыр есірткі қылмысы үшін сотталған 139 адамның 8-і – шетелдік

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 250-ге жуық есірткі қылмысы тіркелді. Жазаланған 139 адамның 8-і – шетелдің азаматы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «СҚО-да нашақорлықтың алдын алу және ағымдағы жағдай туралы» баспасөз конференциясы өтіп, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди былтыр атқарылған жұмысқа тоқталды.

Өткен жылы өңірде 242 есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде есірткі контрабандасы, есірткі заттарын үлкен мөлшерде сақтау, сату және қолдан жасау фактілері бар.

«Заңсыз айналымнан 425 кг түрлі есірткі алынды, соның ішінде 3 кг 428 гр-ы – синтетикалық есірткі.

Алматыдан Петропавлға және Астанадан Петропавлға синтетикалық есірткі жеткізуді жолға қойған екі канал әшкереленді. Сондай-ақ облыста оны қолдан жасап келген бір зертхана анықталып, жабылды.

Петропавлда есірткі сататын интернет дүкен ұйымдастырып, синтетикалық есірткіні таратып келген 22 жастағы жігіт ұсталды. Қазіргі уақытта оның кінәсі дәлелденіп, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр», - дейді Иван Терзиди.

Бұдан басқа тәртіп сақшылары есірткіні таратып, сатуға қатысы бар 193 сайтты анықтап, ҚР цифрлық даму министрлігі арқылы оларды жапты.

«Жалпы, былтыр есірткі саудасына қатысы бар 139 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, жазаланғандардың сегізі - шетел азаматы. Қылмыстың бұл түрі үшін бүгінде 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - дейді басқарма бастығы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда СҚО-да нашақор ретінде 499 адам ресми тіркеуге алынған, оның біреуі – жасөспірім.


Соңғы жаңалықтар