СҚО-да былтыр бос жатқан 8 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан жерге қатысты былтыр 153 заңбұзушылық анықталып, 7528 га жер мәжбүрлі түрде сот арқылы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жер инспекциясы басқармасының мәліметінше, 2019 жылы 626,7 мың га аумақта 256 тексеріс жүргізілген. Оның жартысынан астамында егістік және жайылымдық жерлердің бос жатқандығы анықталды. Нәтижесінде 8 учаске бойынша іс сотқа дейін жетіп, 946 га егістік және 6 582 га жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ талдауы бойынша, Айыртау ауданында 37,6 мың га, Ақжар ауданында 22,8 мың га, М.Жұмабаев ауданында 19,6 мың га, Тайынша ауданында 19 мың га егістік алқабының бос жатқандығы анықталды. Ең көп бос жатқан жайылымдық жер Уәлиханов ауданында – 199,9 мың га. Айыртау ауданында 91,7 мың га, ал Қызылжар ауданында 72,3 мың га жайылым бос жатыр.

Ғарыштық барлау мен аудандық жергілікті атқарушы билік ұсынған мәліметтерде алшақтық бар. Сол себепті аудандар өз жұмыстарында ғарыштық мониторинг мағлұматтарын қолданулары қажет», - СҚО Жер инспекциясы басқармасының жетекшісі Бейбітбек Жайлыбаев.

Жергілікті атқарушы билік пен олардың құрылымдық бөлімдері қабылдаған шешімдердің заңдылығы бойынша 68 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 49 заңбұзушылық анықталды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

«Өкінішке қарай өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген. Мәселен жер учаскелері ешқандай байқау, аукциондарысыз оңды-солды таратылған. Бұдан басқа жер учаскелері бас жоспарда бекітілмей немесе елді мекендердің даму және құрылыс салу сызбасының жоқтығына қарамастан ұсынылған. Ең көп тараған олқылық – жер учаскесін беру туралы өтінішхатты қарау мерзімін сақтамау», - дейді Бейбітбек Жайлыбаев.

Тексерістің қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою жөнінде 36 ұйғарым шығарылды.

Қазіргі уақытта Жер инспекциясы басқармасы мен жергілікті атқарушы органдардың инспекторлары 532 мың га жермен жұмыс істеп жатыр. Оның 184 мың га Уәлиханов ауданындағы «Агрофирма Кзылту НАН» ЖШС тиесілі. Серіктестік 102 мың егістік алқапты және 82 мың га жайылымды не өзі пайдаланбай, не басқаларға бермей ұстап отыр.

Мамандардың айтуынша, мамыр айында соңғы тексеріс жүргізіледі. Осы уақытқа дейін агроқұрылым тиісті жұмыс атқармаса, жерді мәжбүрлі түрде қайтару бойынша іс-шаралар қолға алынбақшы.


Соңғы жаңалықтар