СҚО-да былтыр бір тоннадан артық алкоголь заңсыз саудадан алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бір жылда 1200 литр спирттік ішімдік заңсыз саудадан алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданындағы ауыл дүкендерінің бірінен полицейлер 120 литр алкоголь өнімдерін тәркіледі. Сауда орнының спирттік өнімдерді сатуға рұқсаты болмаған, соған қарамастан «Пшеничная» арағын сатып келген. Дүкен иесіне әкімшілік іс қозғалып, материал жиналды.

Осы ауданның орталығы – Мамлютка қаласының 59 жастағы тұрғыны да енді айыппұл төлейді. Ол арақты үйінде сатып келген. Тәртіп сақшылары саудагерден 8 бөтелке тәркіледі.

«Заңсыз арақ-шарап сататындарды анықтау мақсатында мереке күндері рейдтер өткізілді. Спирттік ішімдіктерді арнайы лицензиясыз саудалауға болмайтынын еске саламыз. Сондай-ақ 21 жасқа толмағандарға алкогольді сатуға және олардың сатып алуына рұқсат жоқ. Арақ-шарап сағат 21.00-ден түскі сағат 12.00-ге дейін саудаланбайды. Ал спирттік ішімдікті тығылып сататындардан өнімді алу денсаулыққа қауіп тудыратынын ескертеміз», - дейді Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.

СҚО-да былтыр тәртіп сақшылары лицензиясыз арақ-шарап сатудың 185 дерегін анықтады. Спирттік ішімдік сатудың тәртібін 144 сатушы мен сауда орнының иесі бұзған. Тағы 11 жағдайда саудагерлер алкоголь өнімдерінің бағасын төмендеткен және спиртті құйып сатқан. Рейдтердің барысында 1200 литр алкоголь заңсыз саудадан алынды.


Соңғы жаңалықтар